Әскери білім берудің басымдықтары әңгіме арқауына айналды

2013 жылдың 15 наурызында Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлер Әскери институтында оқу орны күніне орай «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру – әскери білім берудің басымдықтары» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Оның жұмысына қатысуға барлығы 183 өтінім келіп түсті. Конференцияға Ресей Федерациясы, Украина, Белоруссия ғалымдары, ІІМ ІӘ Комитетінің, Қазақстан Республикасының әскери және басқа да ЖОО-ы мен ұйымдарының өкілдері сырттай және тікелей қатысты.

Басқосуда Ішкі әскерлердің қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетінің теориясы мен тәжірибесінің тарихына және қазіргі заман мәселелерін, ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау, оқытушылар мен оқу бөлімшелері командирлерінің кәсіби дайындығын жетілдіру мәселелерін, жоғары әскери оқу орындарындағы білім беру үдерісі тәжірибесі және перспективаларын, инженерлік білім беру, техникалық мамандықтарды жүзеге асыру сауалдары қарастырылды.

Пленарлық мәжілісті Ішкі әскерлер Әскери институтының бастығы, әскери ғылымдардың докторы, профессор полковник Жұмабек Ахметов ашты. Өз сөзінде білім ордасының бірінші жетекшісі конференцияға қатысуға ниет білдіргендерге алғыс айта отырып, әскери білім берудің маңызды тұстарына тоқталды.

Конференцияға қатысушылар әлемдік стандарттар деңгейінде офицер корпусын кадрлармен толықтыру жолдарын іздеуге жаңаша қарауға мәжбүрлейтін әскери мамандарды дайындау мазмұны бойынша мәселелерді талқылап, ұсыныстар жасады. Жаңа тапсырмаларға және білім саласындағы инновациялық талаптарға пара-пар білім беру қызметінің сапасын көтерудің өзекті проблемалары да назардан тыс қалған жоқ.

Басқосуда сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлер Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Альберт Мәткәрімов Әскери институттың осы күнге дейін жеткен жетістіктеріне тоқталып, бүгінде білім ордасы әскерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды білікті мамандармен қамтамасыз етуде айрықа орынға ие екенін алға тартты.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігі Ұлттық қорғаныс университеті бастығының орынбасары полковник Мұхтар Серікбаев қазақстандық әскерилер білім беру жүйесі үздік деп табылатын шетелдерде тәжірибе жинақтау керектігіне назар аударды. «Өз кезегінде бұл да әскери білім сапасын жетілдіруде жасалған маңызды қадам болмақ», — деді ол.
Конференция қорытындысы бойынша Ішкі әскерлер қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетін жаңа сапалы дәрежеге көтеру, білім сапасын әлемдік талаптарға сәйкестендіріп, алыс және жақын шетелдердің әскери оқу орындарымен қарым-қатынасты нығайту, оқу үдерісін осы заманғы технологияларды пайдалана отырып жетілдіру, әскери білім ордаларының оқу-тәрбие үдерісіне үш тілді енгізу сияқты шешімдер шығарылды. Ал конференция жұмысына түскен материалдар бойынша алдағы уақытта жинақ жарық көріп, ол әскери күш құрылымдарына таратылмақ.

Жалпы алғанда 16 жыл ішінде Әскери институт екі мыңнан аса офицер даярлап шығарды, оның 181-і оқу орнын үздік, 21 түлек  «Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін» кеуде белгісімен аяқтады.

«Қазақстан – 2050» стратегиясы білім ордасының алдағы уақытта дамуына серпінді қарқын бермек. Қазірде Әскери институттың алдын ала жоспарына сай штаттық-ұйымдастыру, оқу, әдістемелік және ғылыми жұмыстар, профессор-оқытушылар құрамының кәсіби дайындығы, оқу және материалдық-техникалық базасын дамыту кіреді.

Тәуелсіздік жылдары ішінде жиналған игі дәстүрді абыроймен жалғастыру — әскери ұжымның патриоттық борышы болып саналады.

 капитан Руслан Жангулин